Астананың экологиялық жағдайы соңғы жылдары ең өзекті әрі ең сезімтал тақырыптардың бірі болып қала береді. Ауаның ластануы, қоқыс полигондарының толып кетуі, жасыл аймақтардың азаюы, нөсерлік кәріз жүйесінің ескіруі – бұлардың бәрі қала өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. Алайда жыл сайын қабылданатын бағдарламалар мен бөлінетін қомақты бюджетке қарамастан, тұрғындар экологиялық саясаттың өз өмір сапасына нақты әсерін сезіне алмай отыр.
Осы мәселелерді жүйелі түрде талқылау мақсатында Астана қаласы Қоғамдық кеңесі «Белсенді Азамат» қоғамдық қорымен және Астана қаласының Ішкі саясат басқармасымен бірлесіп, экологиялық қауіпсіздік тақырыбында диалог алаңын өткізді.

Бұл кездесу ресми отырыс сипатында емес, керісінше, ашық пікірталас пен нақты ұсыныстарға бағытталған кәсіби диалог болды. Жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, сарапшылар, ғалымдар және азаматтық қоғам өкілдері қатысты.
Қатысушылардың пікірінше, қоршаған ортаны қорғауға арналған іс-шаралар жоспары бірнеше жылдан бері жүзеге асып келеді, бірақ оның нақты нәтижесін өлшеу мүмкін емес. Бағдарламада ауаның сапасы қаншалықты жақсарғаны, судың ластану деңгейі қалай өзгергені, қалдықтардың қандай үлесі қайта өңделгені сияқты нақты көрсеткіштер жоқ. Экологиялық саясат декларативті сипатта қалып отыр.
Сондықтан сарапшылар 2026–2028 жылдарға арналған жаңа экологиялық іс-шаралар жоспарын әзірлеу кезінде Қоғамдық кеңестің және ғылыми қауымдастықтың әлеуетін тартуды ұсынды. Бұл тәсіл экологиялық көрсеткіштерді айқын етіп, қоғамдық бақылаудың тиімділігін арттырады.
Кездесуде айтылған негізгі мәселелердің бірі – мемлекеттік органдар арасындағы үйлесімнің болмауы. Әр басқарма өз саласы шеңберінде жұмыс істейді: сәулет – құрылыс жобаларын, көлік – жолдарды, энергетика – жылыту жүйесін, экология – салдардың салмағын бақылайды. Бірақ олардың арасында шешімдерді үйлестіретін ортақ тетік жоқ.

Экология – жеке сала емес, барлық басқарушылық шешімдерге әсер ететін көлденең басымдық, – деп атап өтті қатысушылар.
Осы тұрғыда Қоғамдық кеңестің қатысуымен ведомствоаралық үйлестіру форматын құру ұсынылды. Мұндай формат түрлі басқармалардың іс-әрекеттерін жүйелеуге және қайталанатын немесе өзара қайшы шешімдердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Талқылаудың ең өткір тақырыптарының бірі – қалдықтарды басқару жүйесі болды.
Қалдықтарды бөлек жинау қағаз жүзінде енгізілгенімен, іс жүзінде жүйе толық жұмыс істемейді. Тұрғындар қалдықтарды сұрыптаған күннің өзінде, оны тасымалдаушы компаниялар бір көлікпен жинап әкетеді, себебі конкурс құжаттарында экологиялық стандарттар мен талаптар көрсетілмеген.
Мұндай жағдай азаматтардың экологиялық бастамаларға деген сенімін төмендетіп, олардың күш-жігерін нәтижесіз етеді.
Қалалық полигонның жағдайы да алаңдатарлық: ол шамадан тыс жүктелген, заманауи газдан тазарту және сүзгілеу жүйелерімен жабдықталмаған, ал жиі болатын өрттер экологиялық және санитарлық тәуекелдер тудырады.

Сонымен қатар, қайта өңделетін шикізаттың бір бөлігі үшінші елдерге экспортталады, өйткені елордада оны қайта өңдейтін өндіріс орындары жеткіліксіз. Ал әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация мұндай жобаларды инвестициялық басым бағыт деп қарастырмайды.
Салдарынан, жаңа технологиялары бар инвесторлар мен экологиялық жобалар іске қосылмай отыр.
Сондықтан сарапшылар қалдықтарды өңдеу және экожобаларды әлеуметтік маңызы бар бағыт ретіндетануды, оларға мемлекеттік-жекеменшік әріптестік пен даму бағдарламалары арқылы қолдау көрсетуді ұсынды. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алу рәсімдерінде экологиялық критерийлерді енгізу, мердігерлердің қалдықтарды қайта өңдеу мен жою жауапкершілігін нақтылау жөнінде ұсыныстар айтылды.
Ауаның ластануы мәселесі де ерекше назарда болды. Қыстағы түтін мен көліктердің шығарындылары тұрғындар үшін ең өзекті шағымдардың бірі.
Қаланың әр ауданындағы ауаның сапасын дәл бағалайтын стационарлық бақылау бекеттерінің саны аз, сондықтан жалпы көрініс анық емес.
Сарапшылар бірыңғай цифрлық экологиялық мониторинг жүйесін құруды ұсынды. Бұл жүйе мемлекеттік органдардың, ғылыми орталықтардың және қоғамдық ұйымдардың деректерін біріктіріп, көрсеткіштерді ашық форматта жариялауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ жеке секторды газбен жылытуға көшіруді жеделдету және қоғамдық көлікті газ және электр тартқыштарына кезең-кезеңмен көшіру қажеттігі айтылды.
Ауаның сапасы – тек экологиялық емес, сонымен бірге қалалық басқару сапасының көрсеткіші, деп атап өтті қатысушылар.
Судың және нөсерлік кәріз жүйесінің жағдайы да кеңінен талқыланды. Кейбір аудандарда кәріз жүйесі мүлде жоқ, ал бар желілердің тозуы өзендер мен арықтарға лас судың ағуына әкеледі. Бұл өз кезегінде Есіл мен Сарыбұлақ өзендерінің экожүйесіне зиян келтіреді және жауын кезінде жиі су басуға себеп болады.
Мамандар халықаралық тәжірибені пайдалана отырып, «Sponge City» («қала-губка») тұжырымдамасыненгізуді ұсынды. Табиғи ландшафтқа ұқсас бұл шешімдер суды табиғи жолмен сіңіру мен сүзгіден өткізуге мүмкіндік береді және қаланың климаттық тұрақтылығын арттырады.
Жасыл аймақтар мәселесіне қатысты да нақты сындар айтылды. Көптеген көшеттер отырғызылғанымен, олардың едәуір бөлігі тұрақты күтім болмағандықтан қурап кетеді.
Қалада жасыл желектердің бірыңғай электрондық тізілімі жоқ, бұл есеп жүргізуге және жоспарлауға кедергі келтіреді.

Қатысушылар жасыл екпелердің электрондық реестрін құруды, күтім стандарттарын бекітуді және студенттер мен еріктілерді ағаштардың жағдайын бақылауға тартуды ұсынды.
Маңыздысы – тек ағаш отырғызу емес, бар жасыл қорды сақтау және дамыту екенін атап өтті.
Талқылауда Қоғамдық кеңестің рөліне де ерекше мән берілді.
Қоғамдық кеңес экологиялық саясатты қоғамдық бақылау мен сараптамалық пікір алмасу алаңы ретінде қарастырып келеді.
Кеңес мемлекеттік органдар, ғылыми институттар мен азаматтық қоғам арасындағы үйлестіруші және талдамалық буынға айналуға қабілетті.

Кездесу қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңестің экология мәселелері жөніндегі тұрақты жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Бұл топ ұсыныстарды жүйелеу, талдау жүргізу және табиғатты қорғау шараларының орындалуын бақылаумен айналысады.
Сонымен қатар, республикалық деңгейдегі Қоғамдық кеңестермен өзара іс-қимыл орнату ұсынылды – экология, табиғи ресурстар және су шаруашылығы бағыттарында тәжірибе алмасу және ұсыныстарды келісу мақсатында.
Диалог алаңының қорытындысында барлық ұсыныстар Астана қаласы әкімдігіне, қалалық Экология департаментіне және тиісті басқармаларға жолданатын болды.
Қатысушылардың ортақ пікірі – экологиялық саясатты жетілдіру тек жаңа құжаттар қабылдаумен шектелмеуі керек. Ең бастысы – экологияны барлық мемлекеттік шешімдердің құрамдас бөлігіне айналдыру.
Мұндай ашық диалогтар мемлекеттік құрылымдар мен сарапшылардың ғана емес, әрбір азаматтың да жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.
Астана – тек заманауи емес, экологиялық тұрақты және өмір сүруге қолайлы қала болуы үшін осындай нақты қадамдар қажет.
ХАТТАМА Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің диалог алаңы
