2025 жылғы 26 қыркүйекте Астана қаласының Сарыарқа ауданында орналасқан «Жанұя» отбасын қолдау орталығында (Бейбітшілік көшесі, 14, 1-қабат) қоғамдық тыңдау өтті. Іс-шара сағат 10:00-де басталды.
Қоғамдық тыңдауды Астана қаласы Қоғамдық кеңесі ұйымдастырып, оған «Белсенді Азамат» қоғамдық қоры, Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы және Сарыарқа ауданы әкімдігі қолдау көрсетті. Тыңдаудың модераторы – «Белсенді Азамат» ҚҚ төрағасы Ғамал Түзелбаев.
Іс-шараға Қоғамдық кеңес мүшелері, аудан тұрғындары, мемлекеттік органдардың өкілдері, сарапшылар мен үкіметтік емес ұйымдар қатысты.
Қоғамдық тыңдаудың негізгі мақсаты – Сарыарқа ауданының дамуына қатысты өзекті мәселелерді анықтау, тұрғындардың пікірлері мен ұсыныстарын жинақтау, әрі қарай оларды Қоғамдық кеңес отырыстарында қарастырып, уәкілетті мемлекеттік органдарға жолдау.
Талқылау барысында мынадай мәселелер көтерілді:
- су құбыры және кәріз жүйесіндегі проблемалар, тұрғын үйлерге судың жеткіліксіз берілуі;
- көгалдандыру және абаттандыру, соның ішінде егілген ағаштарға күтім жасау, қарт адамдарға арналған демалыс аймақтарын құру, үй жануарларын серуендетуге арналған алаңдар;
- аяқталмаған жол құрылысы, мектеп оқушыларының қауіпсіздігіне байланысты мәселелер;
- құқық бұзушылықтың алдын алу, аулалар мен қоғамдық орындарға бейнебақылау камераларын орнату қажеттілігі;
- әлеуметтік инфрақұрылым – балабақша, скверлер мен спорт алаңдарын салу, Сарыбұлақ өзені бойын абаттандыру.
Барлық ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, Қоғамдық кеңес тарапынан қоғамдық бақылауға алынды. Бұл мәселелер профильдік комиссияларда қаралып, тиісті мемлекеттік органдарға жолданатын болады.
Қоғамдық тыңдаулар – тұрғындардың пікірін ескерудің және мемлекеттік органдар мен халық арасындағы өзара сенімді арттырудың маңызды құралы.
Осы күні, 26 қыркүйекте, сағат 15:00-де АстанаГенплан ғимаратында Қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Сарыарқа ауданындағы қоғамдық тыңдауда тұрғындар көтерген барлық мәселелер осы отырыста қайта қаралып, кеңес мүшелері оларды талқылап, мемлекеттік органдарға жолданатын ресми ұсынымдардың негізіне енгізді.


















