
Бүгінгі таңда елордалық денсаулық сақтау ұйымдарының желісіне 33 ведомстволық бағынысты мекеме кіреді. Олардың ішінде 16 ұйым бастапқы медициналық-санитарлық көмек (БМСК) қызметіне жатады, 11 ұйым – стационарлық көмек көрсететін мекемелер, олардың барлығы 4363 төсек-орынмен қамтамасыз етілген (ересектерге арналған – 2807, балаларға – 1006, акушерлік төсек – 550).
Желі құрамына жедел жәрдем станциясы және басқа да 5 ұйым кіреді, атап айтқанда: Жоғары медициналық колледж, арнайы медициналық жабдықтау базасы, 100 төсек-орынға арналған мамандандырылған балалар үйі, патологоанатомиялық бюро және АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы.
Бұдан бөлек, қалада 7 республикалық және ведомстволық аурухана жұмыс істейді, олардың жалпы төсек-орын қоры – 2153.
Соңғы 10 жылда елорда халқы 2,5 есеге артты. Қазіргі таңда БМСК ұйымдарына тіркелген халық саны – 1 388 254 адамды құрайды.
2023 жылғы 30 мамырда елордалық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтеді.
Отырыстың күн тәртібіне медициналық қызмет сапасын арттыру, халықты дәрілік заттармен қамтамасыз ету, медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау, сондай-ақ кадрлық қамтамасыз ету мен медицина саласы қызметкерлерінің жалақысын арттыру мәселелері бойынша баяндама тыңдалатын болады. Бұл баяндама Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұратов Тимур Мұратұлы тарапынан ұсынылады.
Қосымша баяндамаларды Астана қаласы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қалалық филиалының және “AKNIET” медицина қызметкерлері кәсіподағының басшылары ұсынады.
Аталған мәселелер бойынша қоғамдық бақылау аясында Астана қаласының Қоғамдық кеңесі Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қызметін, атап айтқанда, медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту және елордалық халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бағыттарын бақылауды жүзеге асыруда.
2023 жылғы 26 мамырда Астана қаласының Қоғамдық кеңесінің мүшелері қаладағы үш ірі стационарлық медициналық мекемеге – №1 және №2 қалалық көпсалалы ауруханаларға, сондай-ақ №2 көпсалалы балалар ауруханасына барды.

Мониторингке елордалық Қоғамдық кеңестің төрағасы мен мүшелері, сондай-ақ Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен Ішкі саясат басқармасының өкілдері, оның ішінде Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің қызметін ұйымдастыру бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде әлеуметтік жобаны іске асырып жатқан «Белсенді Азамат» қоғамдық қоры қатысты.
Бұл жұмыстың мақсаты – елордалық халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің жай-күйін, дәрілік заттармен қамтамасыз етілуін, сондай-ақ медициналық қызметкерлерді әлеуметтік қолдау мен қаладағы денсаулық сақтау мекемелерінің кадрлық қамтамасыз етілуін зерделеу.
Мониторинг аясында ауруханалардың жағдайына, жабдықталуына және қамтамасыз етілуіне көзбен шолу жүргізіліп, персоналмен және пациенттермен сұхбаттар өткізілді.
Айта кету керек, аталған ауруханалардың барлығында «Human» (Адам), «Hardware» (Жабдық), және «Heartware» (Ізгілік пен мәдениет) атты үш негізгі компоненттен тұратын тұжырымдама енгізілген.

Бұл жүйе медициналық көмектің жоғары сапасын қамтамасыз етуге және пациенттің оны алу барысындағы жағымды, қанағаттанарлық және қауіпсіз тәжірибесін қамтамасыз етуге бағытталған.
Бірінші болып барып көрілген нысан – №1 қалалық аурухана болды, онда стационарлық бөлімнің жұмысы жалпы жақсы жолға қойылған. Талқылау барысында назар аударуды қажет ететін бірқатар мәселелер айтылды.
Күн сайын ауруханаға шамамен 250 адам шұғыл медициналық көмекке жүгінеді. Олардың шамамен 25–30%-ы ауруханаға жатқызылады. Қалған пациенттер – шамамен 180 адам – жарақаттың сипаты мен хаттамаларға сәйкес қажетті тексерулерден өтеді. Бұл ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ), компьютерлік томография (КТ), рентгенография, гастроскопия, электрокардиограмма (ЭКГ) және басқа да процедураларды қамтиды. Бұдан бөлек, кең ауқымды талдаулар жүргізіледі.
Мысалы, егер шұғыл пациент бас жарақатымен түскен болса, онда міндетті түрде компьютерлік томография (КТ) жасалады – бұл әртүрлі ауруларды диагностикалаудың заманауи әдістерінің бірі. КТ әдісінің негізінде рентген сәулелерінің әсері жатыр.
Сонымен бірге, ауруханаға жатқызуды қажет етпейтін шұғыл пациент толық көлемде тексеруден өтсе де, оны емдеуге МӘМС (Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) жүйесінен бөлінетін орташа тариф шамамен 2000 теңгені құрайды. Алайда, мұндай пациенттерге қызмет көрсетуге кететін басқа шығындардың барлығы аурухананың мойнына жүктеледі, ал ақылы қызметтерден түсетін кіріс жалпы бюджеттің небәрі 10%-ын ғана құрайды. Осыған байланысты шұғыл қабылдау бөлімі аурухана үшін қаржылық ауыртпалыққа айналады.
Бұл жағдай МӘМС жүйесінен шұғыл пациенттерге қызмет көрсетуге бөлінетін тарифтің орындығын қайта қарауды қажет етеді, өйткені бұл аурухананың білікті жаңа кадрларды қабылдау мүмкіндігін шектейді және олардың кетуіне әкеліп соғады.

Кейін мониторингтік топ елорда Қоғамдық кеңесінің мүшелерімен бірге №2 көпбейінді балалар ауруханасына барды. Мұнда да МӘМС жүйесінен қаржыландыру тарифінің төмендігіне байланысты ұқсас жағдай көтерілді.
Мысалы, хирургия бөлімінің қабылдау бөлімінде МӘМС қаражаты тек нақты жағдай үшін төленеді. Егер бұл соқырішек болса, онда тариф бар болғаны 1000 теңгені құрайды. Бұл тарифке хирург пен педиатрдың қарауы, УДЗ, жалпы зәр және қан талдауы кіреді – бұл баланың пациент ретінде алуы тиіс қызметтердің ең аз жиынтығы. Алайда мұндай тариф барлық шығындарды толық өтемейді, сондықтан қалған қаржылық жүктеме де аурухананың мойнына жүктеледі.
Қауіпсіздік мәселелерін талқылау барысында полиция пунктінің қажеттілігі айтылды.
Балалар ауруханасында полиция пунктінің болуы балалар үшін қауіпсіз және қорғалған ортаны қамтамасыз етуге ықпал етеді, құқық қорғау органдарымен ынтымақтастық орнатады және құқықбұзушылықтар немесе қауіпсіздікке қатысты жағдайларда қосымша қолдау көрсетеді.

№2 балалар ауруханасын жабдықтау мәселесі бойынша рентген құрылғыларына қажеттілік бар. Қазіргі уақытта ауруханада 2 рентген аппараты бар, алайда олардың бірі істен шыққан.

Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мониторингтік тобы №2 қалалық көпбейінді ауруханасына барған кезде бірқатар жаңашылдықтар таныстырылды. Әсіресе, тіркеу орнының автоматтандырылған жүйелері, пациенттерді қолдау қызметі, қызметкерлердің жұмыс уақытын есепке алу және бақылау, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және пайдалану, сондай-ақ медицина қызметкерлері арасындағы үйлестіру мен өзара әрекеттесу үдерістері жақсы жолға қойылғаны ерекше әсер қалдырды.
Медициналық қызметкерлер бейнетіркеу құрылғыларымен жабдықталған, бұл көрсетілетін қызметтердің сапасына қатысты шағымдарды объективті қарауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, дәрігерлер мен аурухана қызметкерлерінің рациялары бар, бұл уақытты едәуір үнемдеуге және аурухананың ресурстарын неғұрлым тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Рациялар шұғыл жағдайларда жедел байланысты қамтамасыз етіп, пациенттердің жағдайының өзгеруіне тез жауап қатуға септігін тигізеді.
Басқа медициналық мекемелер сияқты, бұл аурухана да төсек-орын қорының жүктемесінің артуымен бетпе-бет келіп отыр.
Мемлекет бұл мәселені шешу мақсатында елордадағы денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.
Көтерілген барлық мәселелер мен проблемалар 2023 жылғы 30 мамырда өтетін Қоғамдық кеңестің отырысында талқыланып, сонымен қатар республикалық деңгейде шешу жолдары ізделетін болады — бұл үшін Астана қаласы Қоғамдық кеңесі мен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің жанындағы Қоғамдық кеңестің бірлескен жұмысы қолға алынады.

Бисенова Анара, ”Белсенді Азамат” ҚҚ