2025 жылғы 25 маусымда Астана қаласының Қоғамдық кеңесі республикалық «Таза Қазақстан» және «Қоғамдық эко-бақылау» акциялары аясында елорданың Алматы ауданында орналасқан Триатлон паркі аумағына қоғамдық мониторинг жүргізді.
Фото: Василий Крась
Іс-шараның мақсаты – жасыл екпелердің қазіргі жағдайын бағалау, оларға күтім жасау сапасын талдау, сондай-ақ қаладағы жасыл аймақтарды есепке алу және бақылау үшін цифрлық құралдарды қолдану мүмкіндіктерін қарастыру болды.
Қоғамдық кеңес мүшелері парктің негізгі аумақтарын аралап, отырғызылған ағаштар мен бұталардың жағдайымен танысты, атқарылған жұмыстар туралы ақпарат алды.
Аудан әкімдігі өкілдерінің айтуынша, 2024 жылы паркте шамамен 2 000 ағаш отырғызылып, оның 27-сі қоныс теппеген. Бұл көрсеткіш елорданың климаттық жағдайын ескере отырып, қабылдауға болатын деңгей деп танылды.
Мониторинг барысында жасыл екпелердің жай-күйін тұрақты бақылауға, атқарылған жұмыстарды тіркеуге және күтімнің ашықтығын арттыруға мүмкіндік беретін цифрлық есепке алу жүйесін енгізу ұсынысы қаралды. Сондай-ақ өсімдіктердің қоныс тебуін арттыру және жағдайын жақсарту үшін органикалық тыңайтқыштарды белсенді қолдану ұсынылды.
Іс-шара қорытындысы бойынша, паркте көгалдандыру және жасыл екпелерге күтім жасау жұмыстары тұрақты негізде жүргізілетіні атап өтілді. Алынған деректер мен ұсыныстар елорданың жасыл аймақтарын дамытуға арналған іс-шаралар жоспарына енгізу мүмкіндігін қарастыру үшін қала әкімдігіне жіберілетін болады.











