Астана қаласының Қоғамдық кеңесі әлеуметтік кәсіпкерлік нысандарын мониторингтен өткізді
2025 жылғы 4 шілдеде Астана қаласының Қоғамдық кеңесі елорданың әлеуметтік кәсіпкерлік нысандарын мониторингтен өткізді. Сапардың мақсаты – инклюзивті ортаны дамытуға үлес қосып отырған кәсіпорындардың жұмысымен танысу, кәсіпкерлермен өзекті мәселелерді талқылау және осы саланы одан әрі дамытуға қатысты ұсыныстарды тыңдау.
Мониторинг барысында кеңес мүшелері әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды жұмыспен қамтып отырған «Нирвана» жеке кәсіпкерлігінің жиһаз және сәндік бұйымдар шығаратын өндірісін, мүгедектігі бар азаматтарды оқытып, жұмысқа орналастырып отырған GreenTAL ЖШС-н, шамамен 40 бала мен жасөспірім тұрақты оңалту және спорттық жаттығулардан өтетін, 25 маман қызмет ететін Qadam special school түзету орталығын, сондай-ақ әлеуметтік кафе, ерекше жандарға арналған дүкен, тренинг залы, коворкинг пен контент студия ашу жоспарланған Social Innovation Hub орталығын аралады.
Мемлекеттік гранттардың мөлшері туралы мәселе көтерілді. Кәсіпкерлер 5 миллион теңге көлеміндегі қолданыстағы шектеу құрал-жабдық сатып алуға және мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін жұмыс орындарын құруға жиі жеткіліксіз болатынын атап өтті.
Тағы бір маңызды тақырып – өндірісте ұзақ жылдар бойы еңбек етіп жүрген қызметкерлерді ынталандыру. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында кәсіпкерлер осындай мамандарды марапаттау жүйесін қарастыру мүмкіндігін ұсынды. Кәсіпорындарда 20–25 жылдық еңбек өтілі бар қызметкерлер бар екені айтылды. Мұндай адамдарды қалай атап өтуге және қолдауға болатынын ойластыру маңызды. Қатысушылардың пікірінше, бұл еңбекке құрмет мәдениетін қалыптастыруға үлес қосар еді.

Астана қаласы Кәсіпкерлікті инвестициялау және дамыту басқармасының мәліметінше, елордада 215 әлеуметтік кәсіпкер тіркелген, бұл олардың ел бойынша жалпы санының 20%-ын құрайды. Әлеуметтік кәсіпкерлер төрт санатқа бөлінеді:
— 1 санат — әлеуметтік осал топ өкілдерін (СУСН) жұмыспен қамтуды қамтамасыз ететіндер;
— 2 санат — СУСН өндірген тауарлар мен қызметтерді өткізуге көмектесетіндер;
— 3 санат — мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған тауарлар мен қызметтерді өндіретіндер;
— 4 санат — әлеуметтік салада жұмыс істейтіндер (білім беру, мәдениет, экология, қоршаған ортаны қорғау).
Елордада 161 кәсіпкер әлеуметтік салада жұмыс істейді, 40 кәсіпкер мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған тауарлар мен қызметтерді өндіреді, 13 кәсіпкер СУСН санатына жататын азаматтарға жұмыс орындарын ашады. 2024 жылы 38 әлеуметтік кәсіпкер жалпы сомасы 185,3 млн теңге мемлекеттік грант алды. 2025 жылы шамамен 50 грант беру жоспарланып отыр. 28 кәсіпкер 3 млрд теңге көлемінде төмендетілген пайыздық мөлшерлемемен несие алды, 19 нысан әлеуметтік жобалар үшін жалға берілді.
Әлеуметтік кәсіпкерлер Ұлттық экономика министрлігі бекіткен тізілімге енгізу рәсімінен өтеді. Бұл оларға мемлекеттік қолдау шараларына үміткер болуға мүмкіндік береді: гранттар, «Даму» қоры арқылы 11,3% мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелер, «Астана» ӘКК арқылы сатып алу құқығынсыз жалға беру.
Мониторинг әлеуметтік кәсіпкерліктің Астанада жүйелі түрде дамып келе жатқанын көрсетті, бірақ кәсіпкерлердің ұсыныстарын ескере отырып, одан әрі қолдау шараларын кеңейту қажет екенін атап өтті.































