Астана қаласының Қоғамдық кеңесінің отырысында сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастырғаны үшін төлемақы мөлшерлемелерін арттыру және қоғамдық көлікте жол жүру тарифін өзгерту мәселелері қаралды.
Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Руслан Жақұпов Қоғамдық кеңес мүшелеріне сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастырғаны үшін төленетін базалық ай сайынғы төлемақы мөлшерлемелерін арттыру жөніндегі жобаны таныстырды.
Ұсынылған ақпаратқа сәйкес, қазіргі уақытта Астана қаласының аумағындағы сыртқы (көрнекі) жарнаманың 60 пайыздан астамы тиісті хабарлама берілмей орналастырылған.
Жоба сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыру туралы тиісті хабарлама берілмеген жағдайда қолданылатын базалық ай сайынғы төлемақы мөлшерлемелерін арттыруды көздейді. Ұсынылып отырған өзгерістер жарнама орналастыратын субъектілердің жауапкершілігін арттыруға, жарнама қызметін ретке келтіруге, оның орналастырылуына бақылауды күшейтуге және жарнама конструкцияларын Астана қаласының дизайн-кодына сәйкестендіруге бағытталған.
Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Асхат Қарағойшин қоғамдық көлікте жол жүру тарифін өзгерту мәселесі бойынша ақпарат берді.
Ол пайдалану шығындарының өсуіне, қоғамдық көліктің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, автобус паркін одан әрі жаңарту және маршруттық желіні дамыту қажеттілігіне байланысты 1 желтоқсаннан бастап қоғамдық көлікте жол жүру ақысы 110 теңгеден 150 теңгеге дейін көтерілетінін хабарлады.
Бұл ретте елордада азаматтардың жекелеген санаттарын қалалық жолаушылар көлігінде жол жүру ақысын төлеуден босату түріндегі қолданыстағы әлеуметтік қолдау шаралары сақталады.
Сонымен қатар, 2020 жылғы наурыздан бастап Астана қаласында және қала маңындағы елді мекендерде білім алатын 18 жасқа дейінгі балалар үшін қоғамдық көлікте жол жүру тегін. Міндетті шарт — оқушының көлік картасының болуы және автобусқа мінген кезде оны валидатор арқылы тіркеу.
Елорда тұрғындарының, қала маңындағы елді мекендер халқының және қаланың көлік кәсіпорындарының мүдделерін қозғайтын мәселелер Қоғамдық кеңес отырысында белсенді талқыланды.
Талқылау қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңес қаралған нормативтік құқықтық актілердің жобаларына қатысты ұсынымдар қабылдады.






