2026 жылғы 10 қарашада Астана қаласының Қоғамдық кеңесі кезекті отырысын өткізді. Кеңес мүшелері кәсіпкерлік пен инвестицияны дамыту, мәдениет және креативті индустрия жобалары, жоғары білімге арналған мемлекеттік тапсырысқа өзгерістер енгізу, жастарды спортқа тарту және бұқаралық спортты дамыту мәселелерін қарады.
Инвестиция мен кәсіпкерлікті қолдау нәтижелері
Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының ақпараты бойынша, 2026 жылдың тоғыз айында елорда экономикасына 1,9 трлн теңге инвестиция тартылып, нақты өсім 5,2%-ды құрады. Жеке инвестициялардың үлесі 74%-ға жетті. Ұлттық цифрлық инвестициялық платформада жалпы құны шамамен 2,5 трлн теңгені құрайтын, 31,7 мың жұмыс орнын ашуды көздейтін 264 жоба мониторингте тұр.
Шағын және орта бизнестің қала экономикасындағы жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 2026 жылдың бірінші тоқсанында 58,6%-ды құрады. Секторда 468,7 мың адам жұмыспен қамтылған.
Қоғамдық кеңес мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесін кәсіпорындардың тұрақты дамуы, құрылған жұмыс орындары, өндіріс көлемінің өсуі және бюджетке түсетін салық түсімдері арқылы бағалауды ұсынды.
Кеңес «Өрлеу» және «Іскер аймақ» бағдарламалары мен «Даму» қорының тетіктерін нақты нәтижелер негізінде талдауды, өндіріс пен отандық өндірушілерді қолдауды күшейтуді ұсынды. Туризм бойынша жобалардың экономикалық тиімділігін туристердің қалада болу ұзақтығы, шығыстары, қонақүйлердің жүктемесі және шағын және орта бизнеске ықпалы арқылы бағалау ұсынылды.
Мәдениет пен креативті индустрияның әлеуеті
Мәдениет басқармасының мәліметінше, 2026 жылдың он айында ведомстволық ұйымдардың аудиторияны қамту көрсеткіші 2 832 571 адамды құрады. Бұл 2025 жылдың толық жылдық көрсеткішінен жоғары.
Отырыста кітапханаларды жаңғырту, театрлар мен музейлердің қызметі, концерттік жобалар және ÓzgeEpic креативті хабының жұмысы талқыланды. Creative Aimaq пен Astana Pop Up Store бастамалары отандық шығармашылық өнімдерді танытуға және креативті кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік береді.
Қоғамдық кеңес мәдени жобаларды бағалау кезінде келушілер санымен қатар, бюджет шығыстарының тиімділігін, қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін, бір келушіге шаққандағы шығындарды және жобалардың әлеуметтік-экономикалық нәтижелерін ескеруді ұсынды. Креативті алаңдардың жаңа жұмыс орындарын ашуға, жеке инвестиция тартуға және шағын және орта бизнесті дамытуға қосқан үлесі де маңызды.
Білім беру және бұқаралық спорт мәселелері
Күн тәртібіне жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысына өзгерістер енгізу мәселесі енгізілді. Сондай-ақ жастарды спортқа тарту, спорт секциялары мен бұқаралық спортты дамыту шараларының тиімділігі қаралды.
Қоғамдық кеңестің жұмысы
Қоғамдық кеңес мемлекеттік органдардың есептерін тыңдап қана қоймай, ұсынылған көрсеткіштерді қоғамдық мүдде тұрғысынан талдайды. Кеңестің ұсынымдары қалалық бағдарламалар мен жобалардың нәтижесін бағалауға, бюджет қаражатын тиімді жоспарлауға және тұрғындар үшін маңызды қызметтердің сапасын арттыруға бағытталады.










