Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айжан Түгелбаева өз баяндамасында қосымша шығындар әлеуметтік салаға, абаттандыру жобаларына, көлік және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға бағытталатынын атап өтті.
Атап айтқанда, қаражат әлеуметтік міндеттемелерді орындауға жұмсалады. Халықты қамтудың артуы мен жан басына шаққандағы қаржыландыру шығындарының өсуінен бөлек, аталған қаражат есебінен әлеуметтік және медициналық мекемелерді жөндеу және жабдықтау, дәрілік заттарды сатып алу, мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру және басқа да бірқатар бастамаларды іске асыру көзделген.
Көлік саласындағы негізгі шығыс бағыттары — жол құрылысы, орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу және жолаушылар тасымалын субсидиялау. Сонымен қатар қосымша қаражатты тұрғын үй-коммуналдық және жылу-энергетика салаларын одан әрі дамытуға бағыттау жоспарланып отыр.
Қалалық ортаның жайлылығы мен аумақтық даму бағыты бойынша да қаражат қарастырылған. Ол қала аудандарының аумақтарын абаттандыруға, санитарлық тазалықты қамтамасыз етуге және көгалдандыруға, оның ішінде ЛРТ-ның жекелеген станцияларын қамтуға бағытталмақ.
Сонымен бірге Қоғамдық кеңестің бюджет, экономика және қаржы мәселелері жөніндегі комиссиясы ұсынылған материалды зерделеп, талдай келе, ірі салық төлеушілердің бір бөлігінің республикалық бюджетке берілуіне байланысты салық түсімдерінің өсу қарқыны жалпы баяулағанын атап өтті. Сондай-ақ еңбек нарығын салықтық әкімшілендірудің тиімділігіне қатысты бірқатар мәселе бар екені айтылды. Атап айтқанда, жеке табыс салығын жинау қарқыны 123,4%-дан 119%-ға дейін төмендеген. Бұл шегерімдердің өсуімен және еңбекақы төлеу қорының жалпы салық салынатын бөлігінің қысқаруымен байланысты.
Талқылау қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға жұмыс берушілердің әлеуметтік салық төлеу жөніндегі міндеттемелерді орындауын әкімшілендіру сапасын жақсарту, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмысты жандандыру, жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін арттыру және құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу құралдарын қолдану тиімділігін күшейту жөнінде тиісті ұсынымдар берілді.
Сондай-ақ бұрын төленген аванстар бойынша орындалған жұмыстар актілерінің рәсімделуін ескере отырып, бюджеттік инвестициялық жобалардың іске асырылу деңгейіне талдау жүргізу және жосықсыз мердігерлерге қатысты шаралар қабылдау ұсынылды.
2026–2028 жылдарға арналған техникалық, кәсіптік және орта білімнен кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру мәселесі қызу талқыланды. Бұл мәселе бойынша білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев баяндама жасады.
Қоғамдық кеңестің азаматтық қоғам мүдделерін әлеуметтік саясат саласында білдіру жөніндегі комиссиясы төрағасының орынбасары комиссия қорытындысын жариялады. Қорытындыда еңбек нарығының қажеттіліктеріне тұрақты мониторинг жүргізу және мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемін уақтылы жаңарту ұсынылды.
Сонымен қатар әлеуметтік сала, білім беру, денсаулық сақтау, цифрлық технологиялар және қызмет көрсету салалары үшін кадрлар даярлауға ерекше назар аудару, сондай-ақ жастар үшін, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар үшін техникалық және кәсіптік білімнің қолжетімділігін арттыру жұмысын жалғастыру қажеттігі атап өтілді.
Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Алтынбек Ахметов Қоғамдық кеңес мүшелерін мемлекеттік сектордың жұмысын оңтайландыруға, қалалық ресурстарды басқарудың ашықтығын арттыруға және қала құрылысы мен жер қатынастарына байланысты салаларда бәсекелестік ортаны дамытуға бағытталған қағидаларға енгізілетін түзетулермен таныстырды.
Қоғамдық кеңес отырысына қала басқармаларының, аудан әкімдері аппараттарының өкілдері және бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.






