
Бірінші кезекте, Ассамблея жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіру қажет екендігін назарға салды.
Екіншіден, мың құбылған жаһандық жағдайда қазақстандықтарға қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе, азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, не болмаса кемсітуге мүлде жол бермейтін орта мен толеранттық мәдениетті қалыптастыру маңызды екенін айтты.
Үшіншіден, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблеяның институционалдық әлеуетін нығайту мәселесіне арнайы тоқталып, Ұйымның мемлекеттік органдармен, Парламентпен және мәслихаттармен қарым-қатынасын жақсарта түсу керек екенін атап өтті. Сонымен бірге мемлекет басшысы Ассамблея жетекшілеріне мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне және реформаларды жүзеге асыру ісіне белсене қатысуға, этно-әлеуметтік шиеленіс ошақтарын анықтау мен ондай оқиғалардың алдын алуға баса мән беруге және этномедияцияны дамытуға, Ассамблеяны әлеуметтік тұтастық пен отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде күшейту керек екенін ескертті.
Сондай-ақ әкімдерге де жылына екі рет ұлтаралық мәселе бойынша Ассамблеяның жетекшілерімен тұрақты кездесу өткізіп тұруды да тапсырды.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе «Еліміздің барша азаматының тағдыры жалпыұлттық бірлігімізбен астасып жатыр. Қазақстан – біртұтас ұлт, елімізді әрбір этносы достықты, үйлесім пен келісімді нығайтуға өзінің өлшеусіз үлесін қосып отырған команда деп айтуға болады. Біз бәріміз бір ел болып, татулық пен тұрақтылықты сақтау үшін еңбек етеміз. Ел бірлігін нығайту және Отанымызды өркендету – қасиетті парыз» деп аяқтады.